БҮГІН АХМЕТ ЖҰБАНОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 120 ЖЫЛ

29 сәуір 2026 Жаңалықтар

ҰЛЫ ТҰЛҒА МҰРАСЫНА ТАҒЗЫМ

Бүгін қазақ кәсіби музыка өнерінің негізін қалаушы, Қазақ КСР-нің халық әртісі, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, көрнекті композитор, дирижер,  Ахмет Қуанұлы Жұбановтың туғанына 120 жыл.

Ахмет Қуанұлының бастамасымен қазақ халық аспаптар оркестрі құрылып, ұлттық орындаушылық өнердің жаңа дәуірі басталды. Бұл тарихи қадам қазақ музыкасының өркендеуіне кең жол ашып, кәсіби музыкалық мектептің қалыптасуына негіз болды.

Айтулы мерейтой аясындағы іс-шаралардың шымылдығын Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі жыл басында алғашқылардың бірі болып «Ғасырлар пернесі» атты концертпен ашты. Ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған бұл музыкалық жоба Ахмет Жұбанов мұрасын ұлықтаудың маңызды бастамасына айналды.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры Медет Ермекқалиұлы Қуанышев М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұйымдастырған «Ахмет Жұбанов және қазіргі замандағы музыкатану ғылымы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның пленарлық отырысына қатысып,  құттықтау хатын оқыды. Құттықтау хатта Ахмет Жұбановтың қазақ халқының мәдениеті мен руханиятының биік шыңында тұрған дара тұлға екені, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің негізін қалаушы әрі тұңғыш көркемдік жетекшісі және дирижері ретіндегі тарихи еңбегі ерекше атап өтілді. Сонымен қатар, ұлттық оркестрдің мерейтойлық концерт маусымын алғашқылардың бірі болып ашуы — ұлт ұстазының өлшеусіз еңбегі мен баға жетпес мұрасына көрсетілген ерекше құрметтің жарқын көрінісі екені айтылды.

Бүгінде ғасырмен үндескен ұлт тарихындағы тұңғыш ұлттық оркестр –— Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі сол тағылымды дәстүрдің заңды жалғасы ретінде ұлт мұратына қызмет етіп келеді.

Конференция аясында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің шағын ансамбльдік құрамы өнер көрсетіп, қазақ музыкасының жауһар туындыларын орындады. Бұл өнер көрсету ғылыми басқосудың рухани мазмұнын байытып, Ахмет Жұбанов қалыптастырған шығармашылық мектептің өміршеңдігін айшықтай түсті.

Сондай-ақ осы мерейтойлы күні ұлттық оркестр ұжымы Ахмет Жұбановтың басына зиярат жасап, гүл шоқтарын қойып, Құран бағыштап, ұлы тұлғаның рухына тағзым етті. Бұл — тарихи тұлғаны қастерлеумен қатар рухани сабақтастыққа адалдықтың, ұлттық өнерге  деген құрметтің белгісі.

Ұлы тұлғаның мерейтойы құтты болсын!