Бүгін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің ұйымдастыруымен «Қазақстан композиторларының шығармаларынан концерт» атты тағылымы мол музыкалық кеш жоғары деңгейде өтті. Қазақ музыка өнерінің көрнекті тұлғалары — Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің 120 жылдығына, Ермек Серкебаев пен Бәкір Тәжібаевтің 100 жылдығына, сондай-ақ Кеңес Дүйсекеев пен Шөмішбай Сариевтің 80 жылдық мерейтойларына арналған концерт көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.
Кеш барысында ұлттық оркестрдің сүйемелдеуімен қазақ музыка өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың алтын қорға енген таңдаулы шығармалары орындалды. Ұлттық оркестрмен бірге Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағамбетова, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солистері Айдос Жабағин және Асқар Рысбек, дәстүрлі әнші Сәулежан Тағзия, талантты әншілер Бибігүл Қилымхан, Гүлнар Көшенова, Аружан Алпысбаева, Сая Махамбет өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Концерттің жоғары көркемдік деңгейде өтуіне оркестрдің бас дирижері,«Құрмет» орденінің иегері Абылай Тілепберген, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Жексен Айсынның дирижерлық кәсіби шеберлігі ерекше әсер етті.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің концерті Қазақстан композиторларының бай мұрасын дәріптеп, ұлт руханиятының өміршеңдігін айшықтады. Бұл концерт тек мерейтой иелеріне көрсетілген тағзым ғана емес, қазақ музыка өнерінің асыл қазынасын ұлықтаған маңызды мәдени оқиға ретінде есте қалды.





