Оркестр туралы

Қазақстанның аспаптық музыкалық өнер тарихында бірегей әрі тұңғыш оркестр – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі. Құрманғазы оркестрі қазақ топырағында құрылған алғашқы бірегей оркестр. Тарихы академик Ахмет Қуанұлы Жұбановтың 1933 жылы Алматыдағы Музыкалық драма техникумы жанынан құралған 11 домбырашыдан тұратын ансамбльден бастау алады.  

Оркестрдің тарихи тамыры 1934 жылдың 23 сәуір күнінің ҚазССР Ағарту халкомы №425 бұйрығы бойынша Ахмет Жұбанов оркестрдің дирижері мен көркем жетекшісі болып тағайындалған кезден басталады.

Домбыра ансамблі 1934 жылдың 1 маусымында халық өнерінің қайраткерлерімен бірге өткізілген 1 Бүкілқазақстандық слетінде өзінің бірінші өнер жолын бастады.

Бұл слеттің нәтижесі бойынша мынадай Қаулы қабылданды: «Ағарту халкомы халық өнерінің бірінші слетіне қатысқан қайраткерлерден колхоз, совхоз және өндірістік қауымдастықтарға қызмет етуде ұлттық аспаптармен ұлттық оркестр құрылсын. Оркестрдің еңбекақысын мемлекеттік бюджетке енгізу».

Бұл Қаулыға жауап ретінде, республика Ағарту халкомы 1934 жылдың 25 маусымында №220 Жарлық шығарды: «25 маусымнан бастап музыкалық-драмалық техникумында КазОАК атындағы 1-ші қазақ ұлттық оркестр құрылды деп саналсын».

Оркестрдің триумфальды қойылымдары 1936 және 1958 жылдары КСРО Союзының Үлкен театрында 2-ші қазақ өнерінің онкүндігінің қорытынды концертінде, 2006 жылы оркестрдің негізін салған Ахмет Жұбановтың 100 жылдық мерейтойына арналған Парижде ЮНЕСКО штаб-пәтерінің Үлкен Залында, Европа, Америка, Қытай Халық Республикасы, Қазақстан және БҰҰ елдерінің ірі қалаларында болған гастрольдік концерттерде болып өтті. 1953 жылы Бухарестте (Румыниялық халықтық республика) Шамғон Қажығалиевтың жетекшілігімен бұл оркестр демократиялық жастар және студенттердің Бүкіләлімдік IV фестивалінің лауреаты атанды және алтын медальмен марапатталды.

Сонау ХХ ғасырдың 30-шы жылдары қазақ халық аспаптар оркестрінің негізін қалаушы және алғашқы дирижері болған – академик, профессор Ахмет Жұбанов тарихқа тыңнан жол салған еді. Ұлт тарихындағы тұңғыш оркестр Құрманғазы оркестріндегі  жұмысты ұйымдастыру бағытына, музыкалық аспаптарды дауысқа бөлу тәртібіне және олардың жаңа түрлерінің жасалуына орыстың В. Андреев атындағы оркестрі негіз болған. Оркестр құрамы әр жылдарда жас маман музыканттармен толықтырылған, бүгінде оркестр құрамы 90 музыканттан тұрады.

Ғасырға жуық тарихи бар, өнер ұжымы әлемнің 80 жуық елін шарлап, оның ішінде Франция, Италия, Финляндия, Чехославакия, Венгрия, Польша, Румыния, Болгария, Португалия, Дания, Швеция, Қытай, Ресей Федерациясы, Түркия елдерінде қазақтың ұлттық музыка өнерінің мәртебесін жоғары ұстап, абырой-даңқын дүние жүзіне асқақтатты.

Әр жылдары оркестр құрамында қазақ өнерінің әйгілі музыканттары – оркестр шежіресінде есімдері алтын әріптермен жазылған орындаушылар мен дирижерлар еңбек етті. Солардың қатарында: Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Фуат Мансуров, Лұқпан Мұхитов, Оқап Қабығожин, Қали Жантілеуов, Махамбет пен Науша Бөкейхановтар, Жаппас Қаламбаев, Шамғон Қажығалиев, Роза Бағланова, Нұрғиса Тілендиев, Қаршыға Ахмедияров, Тұяқберді Шәмелов, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, т.б өнер иелері бар.

Солардың ішінде ерекше орынға, күмәнсіз, Оркестрдің ұйымдастырушысы, бірінші көркем жетекшісі, басты дирижері —  Қазақстанның халық артисті, композиторы, академик, профессоры Ахмет Қуанұлы Жұбанов ие. Оның дирижерлік орнын басқан КСРО халық артисі, мемлекеттік премиялардың лауреаты, «Отан» орденінің иегері, профессор Шамғон Қажығалиев болды.

1944 жылы құрылғаны 10 жыл толуына орай оркестрге әйгілі күйші Құрманғазы аты берілді, 1967 жылы – «ҚР еңбек сіңірген ұжымы» құрметті атақ берілді, 1978 жылы – Академиялық оркестр,  ал 1984 жылы Оркестр «Халық достығы» орденімен марапатталды. 2020 жылы оркестр ұжымы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен «Ұлттық» мәртебесіне ие болды.

Айқын мақсат, биік мұрат ұстанған өнер ұжымында 90 өнерлі музыкант еңбек етеді, олар алдыңғы буын өкілдерінің жолын абыроймен жалғастырып келеді. Таланттар шоғыры жиналған ұжымды жас өнерлі дирижер – Абылай  Тілепберген басқарады.

Оркестрдің репертуар қорында 5000-нан аса туындылар бар. Құрылған алғашқы күнінен бастап күні бүгінге дейін оркестр ұжымы қаншама ұлттық және әлемнің классикалық шығармаларын асқан шеберлікпен орындап келеді.

Жаһандану дәуірінде заманауи қазақ мәдениетін дамытуда табысты еңбек етіп келе жатқан өнер ұжымы жаңа толықтырулармен ұлттық өнер мен мәдениеттің шарықтап гүлденуіне мақсатты түрде ат салысады.

Құрманғазы оркестрінің бүгінгі негізгі бағыты сапалы кәсіби музыканы халыққа қол жетімді ету. Бірегей қайталанбас музыкалық бағдарламалар түзу, ұлы дала елінің  музыкасын қайта жаңғырту.