Түркия Республикасының астанасы Анкара қаласында қазақ кәсіби музыка өнерінің негізін қалаушы, Қазақ КСР Халық артисі, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, көрнекті ғалым, композитор әрі дирижер Ахмет Қуанұлы Жұбановтың 120 жылдық мерейтойына арналған «Ахмет Жұбанов және Түркі дүниесінің музыкалық мұрасы» тақырыбындағы халықаралық конференция мен дара тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған «Әуенге айналған өмір» атты көрме өтті.
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің құрамындағы Ахмет және Ғазиза Жұбановтардың мемориалдық музейі мен ТҮРКСОЙ Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының ұйымдастыруымен өткен алқалы жиынға ТҮРКСОЙ ұйымының өкілдері, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігі қатысып, Ахмет Жұбановтың түркі халықтарының мәдени-рухани кеңістігіндегі ерекше орны мен баға жетпес мұрасы туралы кеңінен атап өтті.
Халықаралық деңгейдегі іс-шараға Ахмет Жұбанов негізін қалаған ұлт тарихындағы тұңғыш кәсіби халық аспаптар оркестрі – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі шағын ансамбль құрамымен қатысып, Ахмет Жұбановтың шығармашылық мұрасынан арнайы концерттік бағдарлама ұсынды.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің ұжымы түркі халықтарының мәдени байланысын нығайтуға, ортақ рухани мұраны дәріптеуге және халықаралық мәдени ынтымақтастықты дамытуға зор үлес қосып келе жатқан Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымына, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігіне және Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің құрамындағы Ахмет және Ғазиза Жұбановтардың мемориалдық музейіне, іс-шараны ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығын білдіреді.





