Ұлттық оркестрдің 8 Наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған «СЕН ҮШІН» мерекелік концерті

05 наурыз 2026 Жаңалықтар

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі 5 наурыз күні Халықаралық әйелдер күніне арналған «Сен үшін» атты мерекелік концертін жоғары деңгейде өткізді. Көктемнің шуақты мерекесіне арналған бұл ерекше кеште ұлттық оркестрдің сүйемелдеуімен көрермен қауымға әсем әндер мен әсерлі музыкалық шығармалар ұсынылды. Мерекелік концертте ұлттық оркестрмен бірге Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі, опера әншісі Асқар Рысбек, әнші Асхат Үрпеков, әнші Ерден Жақсыбеков өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Сонымен қатар, мерекелік концерт аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Дизайн және графика кафедрасы» қыздарға арналған ұлттық киім үлгілерінен «Қазақ аруы» атты көрме ұйымдастырып, көрермен назарына қазақтың дәстүрлі сән үлгісін дәріптейтін әсем ұлттық киімдерді ұсынды. Ұлттық музыка мен қазақы сәннің үйлесімі кештің мазмұнын арттыра түсіп, көрермендерді ерекше әсерге бөледі.

 Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі барша нәзік жандыларды көктемнің ең көркем мерекесі — 8 Наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтайды! Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, шаңырақтарыңызға шаттық пен қуаныш тілейміз.