Дәстүр мен жаңашылдық үндескен «СЕРПІН» шығармашылық кеші

25 февраля 2026 Жаңалықтар

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің ұйымдастыруымен «Құрмет» орденінің иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, көрнекті дирижер, дарынды күйші, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Абылай Тілепбергеннің «СЕРПІН» атты жеке шығармашылық концерті өтті. Ұлттық құндылыққа толы кеш – Құрманғазының төкпесі мен Тәттімбеттің шертпесіндей дәстүрлі қазақ музыкасының терең тамырынан бастау алатын ұлттық музыкалық мұра мен заманауи музыка өнерінің үйлескен кеші болды. Концерт барысында Абылай Тілепбергеннің жеке және ұлттық оркестрмен бірлескен орындауындағы ұлттық музыка өнерінің алтын қорына енген таңдаулы күйлер мен оркестрлік өңдеудегі шығармалар тың жаңаша интерпретацияда өнерсүйер қауымға ұсынылды.

«СЕРПІН» концертінде Абылай Тілепбергеннің дирижерлығымен ұлттық музыка өнерінің қарашаңырағы – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі, Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солистері, опера әншілері Нұрғалым Аманбай, Ислам Хамзаев, Аружан Алпысбаева, Азиза Әбдірейім, Аружан Төлепберген, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, сазгер Ренат Гайсин, Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің әртістері және домбырашылар тобы өнер көрсетті. Ұлттық оркестрдің бай орындаушылық дәстүрі мен көркемдік мектебі кеш барысында заманауи дирижерлік қолтаңбамен үйлесіп, сахнада жаңа тыныс, тың серпін қалыптастырды.

«СЕРПІН» концерті – дәстүр мен жаңашылдықтың, ұлттық орындаушылық мектеп пен қазіргі заманғы көркемдік ізденістің тоғысқан жарқын көрінісі болды. Концерт көрермен қауымның жоғары бағасына ие болып, ұлттық музыка өнерінің мәңгілік құндылықтарын тағы бір мәрте айшықтады.