«OPERALIA» концерті

13 февраля 2026 Жаңалықтар

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің концерт залында ұлттық оркестрдің қатысуымен  Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі,  «Хибла Герзмава» атындағы халықаралық вокалистер мен концертмейстерлер конкурсының жеңімпазы, талантты опера әншісі Нұрғалым Аманбайдың «OPERALIA» атты шығармашылық жоғары деңгейде өтті.

Кеш ұлттық музыка өнеріндегі тұңғыш кәсіби ұжым – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің қатысуымен өтіп, классикалық опера өнері мен ұлттық аспаптық музыканың көркем тоғысын паш етті. Бағдарламада әлемдік опера классикасының таңдаулы ариялары, қазақ композиторларының туындылары, сондай-ақ ұлттық оркестрдің сүйемелдеуімен орындалған арнайы музыкалық композициялар көрермен назарына ұсынылды.

Кеш қонақтары ретінде «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллина, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Дінмұхамед Көшкінбаев, сондай-ақ Ж. Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің студенттер хоры өнер көрсетті.

Ұлттық оркестрдің бай дәстүрлі орындаушылық шеберлігі мен опера өнерінің әсем үндестігі көрермендерге ұмытылмас кеш сыйлады.