Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің ұйымдастыруымен Қазақ КСР Халық әртісі, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, дирижер, композитор Ахмет Қуанұлы Жұбановтың 120 жылдығына орай «ҒАСЫРЛАР ПЕРНЕСІ» атты концерт өтті. Кеште Ұлттық оркестрмен бірге: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Толқын Забирова, Нұркен Әшіров, Мәдениет саласының үздігі Ерлан Дәуренбеков, Халықаралық байқаулардың жеңімпазы, оркестр әртісі Әсел Рақымжан, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі Айдос Жабағин, ұлттық «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, оркестр әртісі Азамат Шнаров, опера әншісі Нематилло Зкруллаев және Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп интернатының балалар хоры өнер көрсетті. Оркестрдің бас дирижері «Құрмет» орденінің кавалері – Абылай Тілепберген.
Концерттік бағдарлама аясында ҚР Ұлттық орталық музейі құрамындағы «Ахмет және Ғазиза Жұбановтардың мемориалдық музейі» ұйымдастырған «Ұлт рухын асқақтатқан тұлға» атты көрме көрермен назарына ұсынылды. Экспозицияда Ахмет Жұбановтың өмір жолы мен шығармашылығын дәріптейтін мұрағаттық құжаттары, сирек фотосуреттері, түпнұсқа қолжазбалары, ноталық еңбектері, кітаптары және жеке заттары ұсынылды.








