Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі «Халық әуені» атты концерттік-гастрольдік туры аясында Қостанай облысындағы гастрольдік сапарын бастады

21 мамыр 2026 Жаңалықтар

Бүгін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Халық банкі» акционерлік қоғамының демеушілігімен 2026 жылғы 21–23 мамыр аралығында Қостанай облысында өтетін «Халық әуені» атты концерттік-гастрольдік сапары аясында алғашқы концертін облыс аумағының Жітіқара ауданында бастады. Аудандық мәдениет сарайында өткен концертте көрермендер қазақтың дәстүрлі күй өнерінің асыл қазынасымен қауышты. Концерт бағдарламасында Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Дина сынды ұлы күйшілердің жауһар туындылары, сондай-ақ Шәмші Қалдаяқовтың әндері, әлемдік классикалық шығармалар орындалды. Ұлттық оркестрдің әрбір орындауы терең мазмұнымен, орындаушылық шеберлігімен ерекшеленді. Ұлттық оркестрмен бірге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Жеңіс Ысқақова өнер көрсетті. Кеш барысында өңір тұрғындары ерекше ықылас танытып, оркестрге қошеметтерін білдірді. Бұл концерт Қостанай облысы, Жітіқара жұртшылығы үшін ұлттық өнермен қауышқан тағылымды мәдени кешке айналды. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің кезекті гастрольдік сапары 22 мамыр сағат 15.00-де  Қостанай облысының Лисаков ауданында жалғасын табады.  Барша өнерсүйер қауымды ұлттық оркестрдің «Халық әуені» атты концерттік-гастрольдік сапарының аясындағы концертке шақырамыз.