Бүгін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған «Жекпе-Жек» атты салтанатты концертін өткізді.
Кеш барысында ұлттық оркестрдің орындауында елдік рухты асқақтататын патриоттық шығармалар, әскери тақырыптағы әндер мен отаншылдық мазмұндағы туындылар шырқалды. Бағдарлама мазмұны батырлық пен ерлікті, елдік пен бірлікті дәріптеп, тарихи жадыны жаңғыртуға бағытталды.
Концертке арнайы шақырылған өнерпаздар – IL-Canto квартеті, Жайна Бауыржанқызы, ұлттық оркестр әртістері Ақылбек Бектасов және Айгерім Қожабаева ұлттық оркестрмен бірге өнер көрсетіп, ерлік пен елдікті жырлайтын патриоттық шығармаларды орындады.
Концерттің басты мақсаты — Отан қорғаушыларға құрмет көрсету, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігін ұлықтау және жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыру болды.
Дирижерлық пультте «Құрмет» орденінің иегері Абылай Тілепберген, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жексен Айсын, Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Нарын Кажгали өнер көрсетті.
Ұлттық оркестрдің ұлттық рух пен тарихи жадыны ұлықтаған концерті жоғары дңгейде өтті.
Баршаңызды 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен құттықтай отырып, ел іргесінің берік, аспанымыздың ашық болуын тілейміз! Батырлар ерлігі ұмытылмай, олардың даңқты жолы ұрпақ санасында мәңгі сақталсын.





