Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжің қаласында Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылының салтанатты ашылуы өтті

01 сәуір 2026 Жаңалықтар

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі Бейжіңде өткен Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылының салтанатты ашылуына арналған Гала-концертке қатысты.

Ауқымды халықаралық іс-шара аясында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі жоғары деңгейде өнер көрсетті. Ұжым Қытай ұлттық опера және балет театры оркестрімен бірге сахнаға шығып, екі елдің мәдени байланысының тереңдігін айқындайтын бірлескен музыкалық бағдарламаны ұсынды.

Салтанатты кеш Қытай ұлттық опера театры сахнасында өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрі Сунь Ели, Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышев, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдері мен Қытайдың шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аталған мәдени шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы халықаралық уағдаластықтар аясында ұйымдастырылып, екі ел арасындағы рухани байланысты нығайтуға, өнер арқылы өзара түсіністік пен достықты дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің бұл жобаға қатысуы ұжымның кәсіби деңгейін айқындап қана қоймай, қазақ ұлттық өнерінің әлемдік сахнадағы беделін арттыра түсті.

(Суреттер ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми Telegram парқшасынан алынды.)