22 наурыз Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз ұлттық мерекесіне орай ұлттық музыка өнерінің қарашаңырағы – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің Mega Alma-Ata сауда ойын-сауық орталығында «Наурыз думан» мерекелік концерті өтті. Концерт барысында ұлттық оркестрдің орындауындағы күмбірлеген құдіретті күй өнері мен әуезді әндер шырқалып, Наурыз мерекесінің шаттыққа толы рухын айшықтап, өнерсүйер қауымға шынайы мерекелік көңіл-күй сыйлады. Концертте ұлттық оркестрмен бірге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақова, әнші Асхат Үрпеков өнер көрсетті. Mega Alma-Ata алаңында өткен мерекелік концерт ұлттық өнер мен мерекелік көңіл-күй тоғысқан кеш болды.




