21 мамыр — мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің әртістері мен қызметкерлеріне пәтер кілті табысталды

22 мамыр 2026 Жаңалықтар

Бүгін Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің ұжымы қуанышты жаңалыққа куә болды.

Оркестрдің  артисі,«Мәдениет саласының үздігі» Ардақ Итекеева Нұрахметқызына және оркестр қызметкері Жаңыл Ергешбаева Тобажанқызына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Алматы қаласынан пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстады.

Бұл – мәдениет саласы қызметкерлеріне мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған зор қолдау мен айрықша құрметтің айқын көрінісі. Ұлттық өнер мен руханияттың дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген сала мамандарының еңбегі әрдайым жоғары бағалануға лайық.

 Премьер-Министрдің орынбасары – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваға мәдениет саласының дамуына, өнер адамдарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға және олардың баспанамен қамтылуына ерекше көңіл бөліп, тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін шынайы алғысымызды білдіреміз.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің ұжымы Ардақ Нұрахметқызы мен Жаңыл Тобажанқызын шын жүректен құттықтап, жаңа қоныстары құтты, шаңырақтары шаттық пен берекеге толы болуын тілейді!

Ұлттық өнерге қызмет етіп жүрген барша мәдениет және өнер майталмандарына құрмет білдірп,алғыс айтамыз.