«Жамбылдың жыры, Динаның күйі» атты күй кеші

13 наурыз 2026 Жаңалықтар

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің ұйымдастыруымен ақын Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы мен күйші Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналған «Жамбылдың жыры, Динаның күйі» атты шығармашылық концерт өтті.

Кеш барысында көрерменге ұлттық оркестрдің сүйемелдеуімен Жамбыл Жабаевтың жырлары мен әндері, сондай-ақ қазақ күй өнерінің көрнекті өкілі Дина Нұрпейісованың күйшілік мұрасынан күйлер ұсынылды. Музыкалық кеш ұлттық өнердің терең тамырын, күй мен жырдың сабақтастығын айшықтап, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Концерт аясында Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивімен бірлескен Жамбыл Жабаев пен Дина Нұрпейісованың өмірі мен шығармашылығына арналған архивтік фотосуреттер мен тарихи құжаттардан құралған жылжымалы көрме ұйымдастырылды. Көрмеде ұлы тұлғалардың өмір жолы мен шығармашылығын бейнелейтін сирек фотосуреттер мен тарихи деректер ұсынылды.

Кешке Қазақстанның халық әртістері Рамазан Стамғазиев пен Айгүл Үлкенбаева, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сағдат Ақжолова, сондай-ақ халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Мөлдір Қойысова мен Шаттық Уатхан қатысып, өнер көрсетті.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Батыржан Мықтыбаев, бас дирижері – «Құрмет» орденінің иегері Абылай Тілепберген, дирижерлер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жексен Айсын және Нарын Кажгали. Тағылымды музыкалық кеш қазақтың күй және жыр өнерінің бай мұрасын дәріптеп, көрерменге ұлттық мәдениеттің терең мағынасын танытқан ерекше рухани шара болды.