Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп, Қала күніне арналған негізгі мерекелік іс-шараларға қатысты. Мереке аясында ұлттық оркестр алматылықтар мен қала қонақтарына бірнеше концерттік бағдарлама ұсынды. Атап айтқанда, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алаңында «Алматы – ән мен күйдің бесігі» атты дәстүрлі музыка кеші өтіп, оркестрдің орындауында қазақтың дәстүрлі музыка өнерінің таңдаулы туындылары орындалды. Ұлттық оркестрмен бірге дәстүрлі әншілер Қазақстанның Халық артисі Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Исатаева, ҚР Мәдениет саласының үздігі Шолпан Даржанова, дәстүрлі әнші Қанат Әмірханов өнер көрсетті.
Сондай-ақ Сайран көлінің шығыс жағалауындағы саябақта өткен концертте ұлттық оркестрдің орындауында Алматы қаласына арналған танымал әндер мен музыкалық шығармалар шырқалып, көрермендерге қазақ музыкасының көркем үлгілері ұсынылды. Концерттік бағдарламалар барысында халық күйлері, дәстүрлі шығармалармен қатар, Алматының мәдени-рухани келбетін айшықтайтын әндер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақова орындап, қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйланды.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің Қала күніне арналған іс-шараларға қатысуы ұлттық музыка өнерін кеңінен насихаттап, Алматының мәдени өмірін мазмұнды музыкалық бағдарламалармен толықтырды.




