Ұлттық домбыра күніне орай Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі «Алатау» дәстүрлі театрының алаңында, Алматы қаласының Орталық саябағында және MEGA Alma-Ata сауда-ойын-сауық орталығында мерекелік концерттер өткізді.
Домбыраның қадір-қасиетін ұлықтап, қазақтың күй өнері мен дәстүрлі музыкалық мұрасын кеңінен насихаттауға арналған концерттерде қала тұрғындары мен қонақтарына мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынылды. Көрермендер оркестрдің орындауындағы халық күйлерін, халық әндерін және қазақ композиторларының таңдаулы шығармаларын зор ықыласпен қабылдады.
Мерекелік кештің басты қонағы –ұлттық музыка тарихындағы тұңғыш кәсіби ұжым – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі болды. Оркестрдің орындауында «Көңіл ашар», «Ата толғауы», «Махамбет», «Балбырауын», «Адай», «Сарыарқа», «Саржайлау», «Әсем қоңыр», «Көроғлы», «Бозінген» және қазақтың дәстүрлі музыка өнерінің сан қырын танытатын өзге де туындылар шырқалды. Ұлттық оркестрдің концерттерін 2000-нан астам көрермен тамашалады.
Концертте Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі, опера әншілері Нұрғалым Аманбай, Аружан Алпыспаева, дәстүрлі әнші Жайна Бауыржанқызы, әншілер Асхат Үрпеков өнер көрсетті. Концерттерге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жексен Айсын және халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты, оркестр дирижері Нарын Қажығали дирижерлік етті.
Домбыраның қоңыр үні әр шаңыраққа береке, әр жүрекке ұлттық рух сыйлай берсін!










